ТӘЖІБАЕВ БӘКІР 1926 жылы 15мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылдық окургі Ақбұлақта туған.
Қазақтың көрнекті
ақыны, сазгер, драматург, өнер қайраткері. 1941 жылы Темір педагогикалық
училищесін бітірген соң Жұрын аудандық газетінде жауапты хатшы болып қызмет
істеді. 1950 – 52 жылдары Алматы театр училищесі жанындағы киноактерлік
мектепке оқыды, оны бітірген соң Жамбыл, Шымкент облыстық драма театрларында
актер болды, осы кезеңде ол ақын ретінде де таныла бастады. Театрда істей жүріп
ән салу, аспаптарда ойнау, сөз өнері түрлерін зерттеп, сазгерлікпен де
айналысқан. 1958 жылы Б.Тәжібаев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік
академиялық опера және балет театрында
әебиет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Бұдан соң Алматы облыстық халық шығармашылығы
үйінде, республикалық театр қоғамында қызметтер атқарды. Б.Тәжібаев - бірнеше
жыр жинақтарын шығарған белгілі ақын, оның өлеңдері негізінен туған жер, өскен
ел, достық, махаббат тақырыптарын қамтиды. Сонымен қатар ақын өнер туралы да
толғаныс ойларын ортаға салады. ("Жыр сапары", "Күй шежіре"
т.б.). Бәкір Тәжібаевтің сүбелі шығармаларының бірі композитор Е.Рахмадиевтің
«Қамар сұлу» операсына жазылған либретто. Ол Қазақстандағы белгілі өнер
адамдарымен үнемі шығармашылық одақта болып (Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов,
Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, Ғ.Құрманғалиев, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов т.б.) бірге
еңбек етті, ел арасына кең тараған ән текстерін жазды. ("Туған ел",
"Дала еркесі", "Әлия", "Әдемі - ау", "Бозторғай",
"Қаракөзайым", "Жәмиланың әні", "Алматы" т.б.).
Сазгер ретінде Б.Тәжібаевтің өзінің шығарған әндері де көп, ол әндердің
әуенімен қоса сөздерін де өзі жазды. "Ақбұлақ", "Гүлсім -
ау", "Ақ сәуле", "Домбыра", "Жүрегім дүрсіл
қағады - ау", "Шалқи бер дала", "Жан еркем",
"Ақтамақ", "Бұлбұл әні" тағы да басқалары. Ақынның
"Ақбұлақ", "Жүрегім дүрсіл қағады", "Гүлсім - ау"
әндері бүкіл қазақ жұртының сүйікті әуеніне айналады. Б.Тәжібаев әндері мен
олардың мәтіндері бір біріне мазмұндаса шырқалып, бірін бірі ашып, өзара әрлесіп
отырады.
Б.Тәжібаев бірнеше
драмалық шығармалардың авторы, оның пьесалары республикалық, облыстық театр
сахналарында қойылды. Тәжібаев қазақ театры, жалпы қазақ өнері тақырыбында да
қалам тартты. Ол атақты өнер тарландары Роза Жаманова, Ермек Серкебаев,
Әзербайжан Мәмембетов, Ыдырыс Ноғайбаевтың шығармашылығы жайында "Сахна
жұлдыздары" топтамасын, КСРО Халық артисі Роза Бағланованың өнер жолын
баяндайтын "Біздің Роза" атты кітап шығарды. Талантты театр сыншысы
ретінде ол әр жылдарда республикаық театрлар сахналарында көрермендер назарына
ұсынылған драмалық туындылар турасында мақалалар жазып тұрды. Б.Тәжібаевтың
есімі Байғанин ауданы орталығындағы
балалар музыка мектебіне берілді. 1994жылдың 8 қарашада
Алматыда қайтыс болды.
Әдебиеті: Қазақ совет
энциклопедиясы, Алматы.
Шығармалары:
"Балбұлақ", ("Жазушы" А.1969), "Қара торғай"
("Жазушы" А. 1967), "Біздің Роза" ("Қазақстан
баспасы" А. 1969), "Ән дәурен" (1973. А), "Сахна
жұлдыздары" ("Жалын" А. 1977), "Жүріп келем"
("Жазушы" А. 1976), "Дала жолдары" ("Жазушы" А.
1980), "Жыр жолаушы" ("Жазушы" А. 1982) тағы басқалары.